1803 жылдың 30 қарашасы, Ла-Корунья порты. Қала тұрғындарының қошемет айқайы және ду қол шапалағымен «Мария Пита» корветі зәкірін көтеріп, сапарға аттанады. Кеме бортында жетімдер үйінен алынған жиырма екі бала бар. Олар — жуырда ғана ашылған шешекке қарсы вакцинаның тірі тасымалдаушылары, екпе материалын Испанияның Америкадағы теңіз асып жатқан иеліктеріне жеткізу жүктелген. Балаларға жетімдер үйінің басшысы Исабель Сендаль қамқорлық жасайды. Осылайша, хирург Франсиско Хавьер Бальмис пен оның көмекшісі Хосеп Сальвани жетекшілік еткен қатерлі экспедиция басталады. Қазіргі испан жазушысы, тарихи бестселлер кітаптардың авторы Хавьер Мороның бұл кітабы осы оқиғаға арналған.
Роман кейіпкерлері дауылдар мен кеме апаттарын бастан өткеріп қана қоймай, талай кедергіге де тап болады: шіркеудің дұшпандық көзқарасы, шенеуніктердің парақорлығы, қорғансыз жетімдердің есебінен пайда табуды көздегендердің ашкөздігі. Соған қарамастан, Филантропиялық екпе жасау экспедициясы адамзат тарихындағы ең ұлы гуманитарлық миссиялардың біріне айналуға тиіс еді. Бұған сансыз көп адамның өмірін сақтап қалған балалардың батылдығы ғана емес, «Мария Пита» бортындағы жалғыз әйелдің махаббатына таласқан сапар жетекшілерінің жанқиярлығы да себеп болды.
Кітап көпшілік оқырманға арналған.
