«Сарторис» романы — танымал америкалық жазушы, Нобель сыйлығының иегері Уильям Фолкнердің шоқтығы биік шығармаларының бірі. Осы туындысынан кейін қаламгердің өресі биіктеп, тынысы ашыла түскендей болды. «Сарторис» романындағы кейіпкерлер мен қала-округ атаулары жазушының кейінгі жазған шығармаларына өзек болды.
Шығармада Джефферсон тұрғыны, дәулетті де ықпалды Сартористер әулетінің өмір тарихы баяндалады. Оңтүстік штаттардың ірі жер иеленушілері болып келетін ақсүйектер әулеті — өз мақсатына жету жолында ештеңеден тайсалмайтын батыл да бастамашыл жандар, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы Азамат соғысының қаһармандары. Олар осынау ит тұмсығы өтпейтін қалың орман арасына тұңғыш рет теміржол салып, өңірдің экономикалық дамуына да дәнекер болған.
Қаламгер бұл романда соғыстың адамзатқа тигізген кесапатын әшкерелеген жоқ. Өйткені оның қаһарманы Баярд Сартористі соғыс өртінің тұтану себептері мүлдем ойландырмайды, миллиондаған замандасының текке қырылып жатқаны толғандырмайды. Ол тек қана соғыста мерт болған өзінің туған інісі, ұшқыш Джонның өкінішті өліміне ғана қайғырады.
Өмір өз айдауына бағынғысы келмейтін жандардың өркөкіректігімен жалғасып жатады. Осындай кеудеге сыймайтын өркөкіректік, тағдырды тәлкек ету, көзсіз тәуекелшілдіктің ақыры Сартористер әулетінің түгелдей жойылып кетуіне әкеп соғады.
