Танымал поляк жазушысы Анжей Сапковскийдің бірнеше хикаядан тұратын «Мыстангер» циклдік шығармалар жинағының «Соңғы тілек» деп аталатын алғашқы кітабы классикалық фэнтези элементтерін, славян фольклорының мотивтерін, пәлсапа ойлар мен ерекше әзілді үйлестіріп, оқырманды жаңа қиял әлемімен таныстырады.
Шығарманың бас кейіпкері ривиялық Герәлт — жалдамалы құбыжық аулаушы, яғни мыстангер. Қос семсері мен сиқырлы қабілетін қолданып бұқараны түрлі мақұлықтан қорғап жүрсе де, көпшілік одан сескенеді, бірақ Герәлттің өзі ешқандай даңқ пен мансап іздемейді. Ол тек жақсылық пен жамандық арасындағы бұлыңғыр шекарада өмір сүретін әлемді шарлап, түрлі құбыжықтармен шайқасып, өз тағдырымен тоғысуға жол тартады. Ал оның тағдыры — сиқыршы Йеннефер. Кітаптағы негізгі хикаяда Герәлт пен Йеннефердің арасын бөліп тұрған «соңғы тілек» олардың тағдырын қалай өзгерткеніне куә боласыз.
Айта кетерлігі, шығармада жазушының стилін нақыштайтын басты нәрсе — классикалық ертегінің өзгеше тәпсірін байқауға болады. «Мыстангер» жинағы әлем әдебиетінде өзіндік орны бар шығарма ретінде ғана емес, бейнеойындар мен кино саласында да көрініс тапқан ауқымды туынды ретінде танымал.
Ал сіз жалмауызды аулап әкелгені үшін мыстангерге қанша күміс тиын төлеуге дайынсыз?
