Азаттық айқасында жылдап емес, ғасырлап қилы күй кешкен қазақ даласының тағдырлы тарихы тәуелсіздік алғалы ғана ақиқатын аша бастады. Шежіре шерткен сыр құлақ құрышын қандырғандай екен. Осындай шежірелі өлкенің бірі - Сарыарқаның алтын алқасындай Қарқаралы. Жер асты мен жер үстіндегі байлығымен тамсандырып, сұқтандырып, аңдасқан да, арбасқан да, әрі еріксіз сеңдей соғысып, семсердей сілтенген күштердің алаңы болған Қарқаралы баяны кім-кімді болсын бейжай қалдырмайды. Қарқаралыда туып, Қарқаралының өткеніне үздіге зер салып өткен қаламгер Сапарғали Ләмбекұлы сол мол шежірені терендей тарқатуға тырысыпты және сол үдеден шыққандай.
Еңбек көркемдігімен де, ғылыми-танымдық ұстанымымен де тартымды. Сондықтан ол ғылыми ортаға да, қалың көпшілікке де қызықты болар деп ойлаймыз.