Бұл шығарма — қазақ тарихында өшпес із қалдырған XVIII ғасырдың ерлік жыры. Отан үшін, ел үшін ереуіл атқа ер салған бүтін бір дәуірдің кең полотнолы көркем шежіресі. Роман сол кезге тән шежіре деректерден, жыр-дастандардан және Қытайдың ресми мұрағат құжаттарынан белгілі Шұбарайғыр Қожаберген батырдың ерлік жолы арқылы тұтас қазақ халқының елдік рухын, ұлттық бірегейлігін, ерік-жігерін паш етеді. Дүние есігін ашқаннан Тәуке ханның әйгілі қолбасшы батырларының бірі болған Қожаберген жыраудан бата алған және оның есімін иеленген бала Қожаберген жастайынан қазақтың үш жүзінен шыққан небір батыр-бағландардың алдын көріп, өсе келе олармен үзеңгілес, дәмдес-тұздас
болады. Олардан үлгі-өнеге алып, қару өнерін жете игеріп, тарихта болған Бұланты, Білеуті, Аңырақай, Шаған, Қалба, Шорға шайқастарына қатысып ерлік көрсетеді. Керей-уақ аламанын бастап жау шебіне атой салады.
Әйгілі Көкжал Барақ батырмен бірге Қазақ жерінің шығыс шебін шарлауға шығып, қолдан кеткен жерлерді қайтарып алу үшін ұдайы ел шетінде, жау өтінде жүреді. Шығармада сондай-ақ қос империяның қыспағында қалған
жоңғарлардың соңғы билеушісі Әмірсана мен қазақ ханы Абылайдың және
Әмірсана мен Қожабергеннің, жалпы қазақ-қалмақ қатынасының қыр-сы-
рына қатысты эпизодтармен қоса, жоңғарлар жойылғаннан кейінгі қазақ ауылдарының шығысқа бағытталған ұлы көші көркем тілмен, ұлан-ғайыр, бай тарихи жадымен суреттеледі.
Алайда бұл роман тарихи-көркем туынды болғандықтан, біз онда жазылған жайлардың барлығын нақты тарихи дерек немесе бұлжымас факті ретінде ұсынудан аулақпыз. Шын мәнінде, ата-бабаларымыздың бастан кешкен кешірмелері мен өмір жолы біз ойлағаннан да әлдеқайда мазмұнды һәм қызықты болған. Кітапта ғасырлар қойнауына сүңгіген сол бір ұлан-ғайыр
оқиғалардың көркемдік көкжиегін ашуға талпыныс жасалған.
