Икигай — жапондардың бақытты өмір сүру концепциясы. Кітап авторы, жапондық ғалым, нейробиолог Кен Моги икигайға жетудің негізгі бес құпиясын баяндайды. Олар: үлкен іске ұмтылмай, алдымен ұсақ-түйектен бастау керек; еркін болу — басқалардың пікірінен тәуелсіз, батыл болуға ұмтылу; үйлесімділік пен тұрақтылық — жапон мәдениетіндегі икигай қоршаған ортамен үйлесімділікте болуға тікелей байланысты. Онсыз тұрақтылық орнамайды; бақыт тек қана үлкен жетістік, мақсатқа жету немесе байлық емес — адам болмашы нәрсеге қуана білуі керек; бүгінгі күнмен өмір сүру.
Қарапайым тілмен айтқанда, икигай — күнделікті істеп жүрген ісімізге қанағаттану, сондай-ақ өмірден өз қуанышымызды табуға көмектесетін және ұзақ өмір сүруге ықпал ететін жапон философиясы. Икигайдың арқасында адамдар айналасындағы әлемнің сұлулығын байқап, ұсақ-түйек нәрселерден ләззат алуды үйренеді, үйлесімділік пен жан тыныштығын табады. Икигай сіздің жеке өміріңізде және кәсібіңізде табысқа жетуге ықпал етеді. Оның себебін сіз осы кітапты оқығанда түсінесіз.
