«Ғибратты ғұмыр» — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Бағдат Кәрібозұлының 70 жылдық мерейтойына арналған естелік-эсселер жинағы.
Кітапқа ғалымның замандастарының, әріптестерінің, қаламдас достарының, шәкірттерінің және рухани серіктерінің естеліктері, лебіздері мен ғылыми-танымдық мақалалары топтастырылған. Онда мерейтой иесінің ғылымдағы, ұстаздық жолдағы, шығармашылықтағы және қоғамдық өмірдегі өнегелі тұлғасы, азаматтық болмысы, адамгершілік қасиеттері мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегі жан-жақты ашып көрсетіледі.
Жинаққа Бағдат Кәрібозұлының өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымын, адамгершілік ұстанымын, туған елге, өскен ортаға, ардақты жандарға деген ілтипатын бейнелейтін «Ынсап» және «Ғазиз жүрек» атты автобиографиялық естелік-эсселері де енгізілді. Бұл туындылар кітаптың рухани мазмұнын байытып, оқырманға ғалымның ішкі әлемі мен қаламгерлік болмысын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Кітап әдебиеттанушыларға, оқытушылар мен студенттерге, жалпы қазақ руханияты мен ұлттық әдебиетке қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған.

