Адамзат тарихында өшпестей із қалдырған, қазақ пен өзге де түркі халықтары аңызға айналдырып, өлең-жырларына арқау еткен Еділ (Аттила) тәңірқұт туралы бұл тарихи роман оның кішкентай кезінде Рим сарайындағы кепілден босап шыққан сәтінен бастап әңгімелейді. Сол сәттен бастап оның көкейінде арғы атасы Мөде тәңірқұт секілді Рим топырағын өз қол астына алу арманы пайда болады.
Осы ұлы мақсатқа жету үшін Еділ ең алдымен Византияны әлсіретіп, одан соң батыс гүттермен соғысады. Жер жүзіне мәшқұр Каталаун шайқасынан соң, Альпі тауларынан асып, Римге жорық жасайды. Романда Еділ және оның айналасындағы Ругила, Едіге, Айбарыс, Ақтар, Бледа сынды белгілі тарихи тұлғалардың, Ордос ғұндарының көсемі Қыран Баба тәңірқұттың және Еділдің сүйген жарлары Энга, Керка және Эска сұлулардың образы сомдалған. Сонымен бірге Еділдің досы әрі қарсыласы, Рим легиондарының бас қолбасшысы Аэцийдің, императорлар Валентиниан мен Феодосийдің, императрица Галла Плацидияның, қапастағы ару Гонорияның Еділмен және Ғұн ордасымен қарым-қатынасы суреттелген.
