Бірінші кітап
984 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған, өресі биік тарихи роман 1588–1610 жылдар аралығында Еуразия кеңістігінде орын алған қилы-қилы оқиғалар, қазақ халқының ұлттық санасы, мемлекеттік құрылымы, көрші жұрттармен ара қатынасы, сол замандағы белгілі тарихи тұлғалардың болмыс-бітімі турасында сыр толғайды. Роман-дилогияның бірінші кітабы Қазақ Ордасында басталып, Ібір-Сібір жұртында өрістеп, Ресей жері — Орыс патшалығына ойысады. Сөйтіп, бас кейіпкер Ораз-Мұхамед тағдыры арқылы тұтас бір тарихи дәуірдің суреті жасалады.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
Екінші кітап
Орыс патшалығында құрметті тұтқын ретінде біржола тұрақтап қалған қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамед XVI–XVII ғасырлар шегінде Шығыс Еуропада болған елеулі тарихи оқиғалардың бел ортасында жүреді. 1600–1610 жылдарда Россия құрамындағы, автономиялық өкілеті бар Қасым хандығында билік құрады, әділ әмірші, жауынгер қолбасы ретінде танылады, ақыры, бүкіл Ресейді түнекке батырған Смута-Бұлғақ оқиғасында елеулі қызмет атқарады. Романда Ораз-Мұхамед тағдыры — отарлық кепке түскен, азаттыққа ұмтылған тұтас бір ұлт тағдыры ретінде көрінеді.